Білім

Қазақстан EuroSkills чемпионатында алғаш рет екі бірдей медаль жеңіп алды

EuroSkills чемпионаты – Еуропадағы кәсіптік білім беру және біліктілікті арттыруға арналған шара
Sputnik
АСТАНА, 10 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанның ұлттық құрамасы EuroSkills чемпионатындаа алғаш рет екі бірдей медаль ұтып алды. Бұдан бөлек, төрт "Үздік медальонға" ие болды, деп хабарлайды оқу-ағарту министрлігі.
EuroSkills чемпионаты – Еуропадағы кәсіптік білім беру және біліктілікті арттыруға арналған шара. 25 жасқа дейінгі жас мамандар арасындағы халықаралық шеберлік жарыстары екі жылда бір рет өткізіледі. Осы жолы 32 елден 600 жас маман келді.
"EuroSkills Gdańsk 2023 сегізінші еуропалық чемпионатының үш күндік байқау қорытындысы бойынша Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері бір күміс және бір қола медаль иеленді", - дейді министрлік мамандары.
Руслан Юсупов "Веб технологиясы" бойынша күміс медаль иеленсе, Андрей Степанюк пен Станислав Горицин "Желілік және жүйелік әкімшілендіру" командалық құзыреттілігі бойынша қола медаль жеңіп алды. Сондай-ақ Алуа Жарасбаева (графикалық дизайн), Ерасыл Бақытжан (инженерлік графика CAD), Виталий Кайль (плиткамен қаптау), Ернияз Құрманбеков және Аңсар Оразғалиев (мехатроника) "Үздік медальонға" ие болды.
Айта кетері, бұған дейінгі чемпионатта Қазақстан бір ғана жүлде ұтып алған. 2021 жылы Павлодар колледжінің түлегі Дина Афанасьева "Веб-әзірлеу" құзіреттілігі бойынша үшінші орынға ие болды.
Биылғы жарыс Польшаның Гданьск қаласында 5-9 қыркүйек аралығында өтті. Ұлттық құрамаға 28 қатысушы және 25 халықаралық сарапшы енді. Қазақстандықтар 25 құзыреттілік бойынша сынға түсті.
Қазақстандық оқушылар Өзбекстандағы халықаралық форумға қатысып жатыр