АСТАНА, 8 қыркүйек – Sputnik. Премьер-министр Әлихан Смайылов пен Sinopec компаниясының президенті Юй Баоцай мұнай-газ саласында жаңа жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Премьер-министр Әлихан Смайылов пен Sinopec компаниясының президенті Юй Баоцай кездесу өткізді
© Photo : Пресс-служба премьер-министра Казахстана
Смайылов Sinopec компаниясының тікелей қатысуымен Атырау мұнай өңдеу зауыты модернизациялаудан өткенін атап өтті.
Сондай-ақ ол президент биылғы жолдауында мұнай-газ химия өндірісін жедел дамыту міндетін қойғанын еске салды.
"Сол себепті негізгі "Полиэтилен" жобасы мұнай-газ химия өнеркәсібін дамытудағы маңызды кезең болып саналады. Оны жүзеге асыру ел экономикасына мультипликативті әсерін тигізбек. Sinopec компаниясы мұнай-газ химия саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі екенін ескерсек, компанияның жобаға тең құқылы серіктес ретінде келуі стратегиялық маңызды мәселе", — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Sinopec компаниясының еліміздегі басқа да перспективалық жобаларға қатысу мүмкіндігін қарастырып жатқаны аталды.
Ал Sinopec компаниясының басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы энергетика саласы бойынша ынтымақтастық жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтті. Бұл екі ел халықтарының әл-ауқатын арттыруға зор үлес қосуда.
Бұдан бөлек, Sinopec президенті мұнай-газ саласындағы қазақстандық мамандардың кәсіби тағылымдамадан өтуін ұйымдастыру жөнінде бастама көтерді.