Минскіде ЕАЭО-дағы әділ бәсекелестік туралы сұрақтарға жауап берілді

Минскіде Еуразиялық экономикалық одақта мемлекеттік сатып алуларға тең және кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселесі талқыланды
Sputnik
АСТАНА, 8 қыркүйек - Sputnik. ЕЭК бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу министрі Бақыт Сұлтанов бастаған Қоғамдық қабылдауға қатысушылар ЕАЭО трансшекаралық нарықтарындағы әділ бәсекелестікті сақтау мәселелерін қарады.
Бақыт Сұлтановтың айтуынша, комиссияға жолданған бәсекелестіктің бұзылғаны туралы арыздардың төрттен біріне жуығы Беларусьтен түседі.
"Осыған байланысты біз мұндай кездесулерде кәсіпкерлерге ЕАЭО трансшекаралық нарықтарына шығу кезінде туындауы мүмкін монополияға қарсы заңнаманы бұзу тәуекелдері туралы айтамыз", - деді ЕЭК министрі.
Беларусь бизнесі ЕАЭО елдерінің мемлекеттік сатып алуларына да белсенді түрде қатысады. Бүгінгі таңда ЕАЭО елдерінің сатып алуларына кедергісіз қатысуға мүмкіндік беретін өнеркәсіп тауарларының Еуразиялық реестріне Беларусь Республикасынан 92 өндірушінің 7187 тауары туралы ақпарат енгізілген.
Еуразиялық реестрге 108 өндірушінің 8138 тауары (өнеркәсіптің 15 саласы) кіреді: Беларусь Республикасынан - 92, Қазақстан Республикасынан - 6, Қырғызстаннан - 2, Ресей Федерациясынан - 8.