АСТАНА, 6 қыркүйек – Sputnik. "Қазақстан халқына" қорының төрағасы Болат Жәмішев президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұйым денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау, мәдениет және спорт салаларындағы негізгі мәселелерді шешуге бағытталған жалпы сомасы 146,5 миллиард теңге болатын 40-тан астам қайырымдылық бағдарламасы мен жобаны қаржыландыратынын баяндады, деп хабарлады Ақорда.
Сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетіледі. Қордың бағдарламалары ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларға басымдық бере отырып, еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырылады.
"Қордың ең ірі бағдарламасы – өмірге қауіп төндіретін және орфанды (сирек) аурумен ауыратын науқастар үшін дәрілік препараттарды сатып алу. 324 қазақстандық (оның 243-і балалар) үшін 24,9 миллиард теңге көлемінде дәрілік заттардың 36 түрі, сондай-ақ Қазақстанға алғаш рет жеті препарат, оның ішінде әлемдегі ең қымбат "Золгенсма" дәрісі сатып алынды", - деп жазылған хабарламада.
Қор мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылған және ауылдан шыққан талапкерлердің жоғары білім алу мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Республика бойынша 2200-ден астам студент "Қазақстан халқына"қорының гранттары мен стипендиясын иеленген. Ауылдарда спортпен айналысатын залдардың тапшылығы мен қолжетімсіздігін ескеріп, қордың қолдауымен ауыл жастарына арналған 24 спорт залы ашылды. Қазіргі таңда 76 залды іске қосу жұмыстары жалғасады.
Ерекше балаларға арналған оңалту орталықтарын құру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Жалпы 4 ерте араласу орталығы және аутизм мен басқа да ақыл-ой ауытқушылығы бар балаларға арналған 4 орталық ашылды. 13 орталықты ашу жұмыстары жүргізілуде.