АСТАНА, 6 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов елімізге ресми сапармен келген Италия Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары – сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Антонио Таянимен кездесті, деп хабарлайды primeminister.kz.
Тараптар машина жасау, энергетика, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерін дамыту, сондай-ақ агроөнеркәсіп секторы, білім беру және басқа да салалар бойынша ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.
Премьер-министр Италия Қазақстанның әлем бойынша ірі үш сауда серіктесінің бірі екенін және Еуропалық одақ елдері арасында бірінші орында тұрғанын айтып өтті. Атап айтқанда, былтыр екіжақты тауар айналымы 55% жуық артып, шамамен 15 млрд долларға жетті.
"Дегенмен, тауар айналымын одан әрі арттыруға әлеуетіміз жеткілікті. Біз Италияға жалпы құны 900 млн доллардан асатын қазақстандық 110 тауар өнімінің экспортын арттыруға дайынбыз", — деді Әлихан Смайылов.