АСТАНА, 6 қыркүйек – Sputnik. Ғылым және жоғары білім министрлігі ақылы бөлімде оқитын студенттерге де жатақхана беруге болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайханның айтуынша, биылдан бастап заң талаптары күшіне еніп отыр. Оған сәйкес, студенттерді жатақханада орналастыру жағынан ешқандай шектеу болмауы керек.
"Студент грантта оқи ма, ақылы бөлімде білім ала ма, барлығы жатақханадан орын алуға құқылы", - деді комитет басшысының орынбасары орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Бірақ жатақхана орындарын тарату кезінде алдымен әлеуметтік жағынан осал санатқа кіретін студенттерге басымдық беріледі. Одан кейін оқу озаттары мен I курс студенттері орын алады. Алайда әрбір универсетте жатақхана орындары тапшы болғаннан кейін барлығына бірдей жете бермейді.
"Негізі, заң жағынан ешқандай шектеу жоқ", - деп атап көрсетті Абылайхан.
Айта кетері, биылдан бастап басқа қалаларда тұратын ата-анасынан айырылған студенттердің жатақханада тұру шығындары өтеуге шешім қабылданды.