АСТАНА, 6 қыркүйек – Sputnik. Атом электр станциясын салу не салмау мәселесі бойынша өтетін референдумға былтырғы референдумға бөлінген қаражаттан аз ақша бөлінеді. Бұл туралы вице-премьер – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжіліс кулуарында журналистер АЭС құрылысы бойынша референдумды өткізуге қанша қаражат жұмсалатынын сұрады.
"Орталық сайлау комиссиясы алдымен бюджет процесі бойынша бізге тиісті тапсырыс береді. Қанша қаражат керек екенін айтады. Олардың есептеулерін алмай тұрып, қалай айтамын", - деді ол.
Осы орайда БАҚ өкілдері оған шығын мөлшері былтырғы референдумнан аспауы мүмкін бе деп сұрады. Айта кетері, 2022 жылы Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі референдумды өткізуге бюджеттен 16,4 млрд теңге бөлінген болатын.
"Мүмкін, басқаша әдістер қолданылар. Сол себепті ондай үлкен қаражат кетеді деп ойламаймын. Аз болуы керек", - деп жауап берді Жамаубаев.
Атом электр станциясын салу мәселесі шығарылатын референдумның нақты қай күні өтетіні әзірге белгісіз.