АСТАНА, 5 қыркүйек – Sputnik. "Мемлекеттік техникалық қызмет" АҚ қазақстандықтарға хакерлердің жаңа айласы туралы ескертті.
Бүгінде мемлекеттік қызметті алуға өтінімге қол қою үшін NCALayer қосымшасы қолданылады.
Мемлекеттік техникалық қызмет осы бағдарламаның фишингтік hxxps://ncalayer.info/update.php интернет-ресурсын анықтаған. Сілтемені ашқан кезде NCALayer-ді жаңарту үшін "Trojan Downloader" зиянды бағдарламасы жүктеліп, іске қосылады.
"Салдарынан қаскөйлер пернетақтада терілген ақпаратты оқуға, парольдерді, соның ішінде браузерлерден ақпарат алуға, сондай-ақ үшінші тарап қолданбаларын орнатуға мүмкіндік алады", - деп мәлімдеді МТҚ.
"Мемлекеттік техникалық қызмет" АҚ мұндай бағдарламаларды жүктемеуге, орнатпауға және күдікті сілтемелерге өтпеуді сұрады.
"Бұл сіздің жеке ақпаратыңызға қауіп төндіруі мүмкін", - деп ескертті олар.
KZ-CERT домендік атаудың шетелдік тіркеушісіне қажетті шараларды қабылдау туралы ақпарат жолдады.
МТҚ атап өткендей, электронды цифрлық қолтаңба үшін қажет NCALayer бағдарламасын мына ресми интернет-ресурстен https://ncl.pki.gov.kz/kz/ орнатып алуға болады.