АСТАНА, 5 қыркүйек – Sputnik. Ақтөбе облысы Кеңқияқ ауылының сегіз тұрғыны газдан улану белгілерімен дәрігерлерге жүгінді, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.
4 қыркүйек кешкі сегіздер шамасында Кеңқияқ, Саркөл, Шұбарши тұрғындары газдың өткір иісіне шағымданған.
Алдын ала ақпарат бойынша, Шұбарши ауылындағы газ тарату станциясы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жоспарлы түрде толық тоқтатылған. Ережеге сәйкес газды тоқтатып, ашатын кранды ауыстыру бойынша жөндеу жұмыстарынан кейін иісі өткір "одорант" деп аталатын газ жіберіледі.
"Жергілікті тұрғындардың шағымынан кейін "Техногаз" ЖШС мамандары Кеңқияқ, Саркөл ауылдарының үйлерін аралап шықты. Нәтижесінде газдың таралу деректері анықталған жоқ", - делінген хабарламада.
Алайда Кеңқияқ ауылының ауруханасына 8 тұрғын газдан улану белгілерімен жүгінген. Қазіргі уақытта барлығына алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.
Осы дерек бойынша экология, СЭС және ТЖ департаменті уақытылы хабардар етілді. Жағдай бақылауда, деп сендірді әкімдіктегілер.