Тайландта суға батып кеткен жігіт блогер болған

Марқұм Youtube-те белсенді болған. 15 жасынан бастап шетелде қыдырып жүрген
Sputnik
АСТАНА, 4 қыркүйек – Sputnik. Сыртқы істер министрлігі Тайландта суға батып кеткен қазақстандыққа қатысты ақпарат жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, 1 қыркүйекте Қазақстанның Тайландтағы елшілігіне Пхукет аралында қазақстандықтың суға батып кеткені туралы ақпарат түскен. Консул дереу полиция мен жергілікті билікке хабарласқан. Іздестіру шарлары екі күнге созылды.
"Кеше, 3 қыркүйекте денесі судан шығарылды. Бірақ суда екі күн болғаннан кейін оны тану мүмкіндігі қиындады. Сондықтан әке-шешесі бүгін мәйітті тануға барып, өз баласы екенін растады", - деді Смадияров бүгінгі брифингте.
18 жастағы жігіт бірнеше айдан бері Тайландта жалғыз өзі жүрген, жұмыс істеген.
"Өзі Youtube-те белсенді болған. 15 жасынан бастап шетелде қыдырып жүріпті. Өкінішке қарай, осындай жағдай болды. Әке-шешесіне барлық көмек көрсетіледі. Жақын арада денесі Қазақстанға жеткізіледі", - деп атап өтті Смадияров.
Қазіргі болжамға сәйкес, ол күні теңізде қатты толқындар болған. Жас жігіт оған төтеп бере алмай, суға батып кеткен.
Таиландта қазақстандық турист суға батып кетті