ҰҚШҰ Бас хатшысы Тасмағамбетов Беларусьтегі оқу-жаттығуды ашты

1 қыркүйектен бастап Беларусьте бес бірлескен және арнайы оқу-жаттығулар өтіп жатыр, Брест бекінісінде іс-шараның салтанатты ашылуы болды
Sputnik
АСТАНА, 1 қыркүйек – Sputnik. ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов "Жауынгерлік бауырластық – 2023" оқу-жаттығуын салтанатты түрде ашты, деп хабарлады ұйымдағылар.
Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан ұлттық әскери контингенттерінің 2,5 мың әскери қызметкері Брест қамалында бір құрамда сап түзеп тұрды.
Оқу-жаттығуларға қатысушылар алдында сөз сөйлеген ҰҚШҰ Бас хатшысы бұл іс-шараның халықаралық күрделі жағдай кезінде жүргізіліп жатқанын атап өтті.
"Жауынгерлік бауырластық – 2023" оқу-жаттығуы
"Әлемнің әртүрлі аймақтарында шиеленістің жаңа ошақтары пайда болып жатыр, ескі қақтығыстар шиеленісуде. Қазіргі дағдарыстар гибридті сипатқа ие болып, оларды шешу ерекше тәсілдерді қажет етеді", - деді ол.
Тасмағамбетовтің айтуынша, бұл жаттығулардың толықтығы олардың ерекшелігі болып отыр. Операцияны сәтті жүзеге асыру үшін бүгінгі күні әскери құрауышты пайдалану жеткіліксіз. Күштер мен құралдардың тұтас спектрінің тығыз байланысы мен өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін жүйелі әдіс қажет, деді Бас хатшы.
"Қауіпсіздікке төнген жаңа сын-қатерлер мен қауіптер осы іс-шараның форматына негіз болды", - деді Тасмағамбетов.
"Жауынгерлік бауырластық – 2023" оқу-жаттығуы
Ол Жедел әрекет ету бойынша ұжымдық күштерді нығайту Ұйымға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің мүдделерін қорғаудың және өңірлік деңгейде біртұтас, бөлінбейтін қауіпсіздік жүйесін құрудың ең маңызды шарты болып табылатынына сенім білдірді.
Салтанатты шараға қатысушылар Брест қамалын қорғаушыларды бір минут үнсіздікпен еске алып, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.