АСТАНА, 1 қыркүйек – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үш жылдың ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мемлекет басшысы бүгінгі жолдауда агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасау қажеттігін ерекше атап өтті.
"Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз. Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы", - деді Тоқаев парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу.
"Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет. Бұл салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады", - деп атап көрсетті президент.
Сондай-ақ, экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұруымыз керек. Сондықтан елімізге сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажет. Отандық агрофирмалардың ірі компаниялар қатарына кіргені жөн. Бұл жұмысқа халықаралық корпорацияларды белсенді түрде тартылады.