Мәжілістен кеткен экс-депутат жаңа қызметке тағайындалады

Елеуов мәжілістен кетуге өзі өтініш берген
Sputnik
АСТАНА, 1 қыркүйек – Sputnik. Мәжіліс депутаты Ғалымжан Елеуовтің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін мәжіліс депутаттары әріптестері Ғалымжан Елеуовтің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулыға дауыс берді. Елеуов мәжілістен кетуге өзі өтініш берген.
Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Елеуовтің жаңа қызметке бара жатқанын айтты.
"Ғалымжан Алмасбекұлына мәжіліс қабырғасында бірқатар жыл белсенді, абыройлы атқарған жұмысы үшін зор алғысымызды айтамыз. Алда өңірде үлкен ірі қызметке бара жатыр. Сол жұмыста сәттілік тілейік", - деді спикер.
Қошанов әріптестерінің атынан Елеуовке алғыс хат табыстады.
Ғалымжан Елеуовтің жаңа қызметке тағайындалатынын әріптесі Елнұр Бейсенбаев та растады.
"Ол басқа қызметке тағайындалады. Оны жақын арада естисіздер", - деді мәжіліс депутаты төменгі палатаның отырысынан кейін.
44 жастағы Ғалымжан Елеуов Ақтөбе қаласында дүниеге келген.
Мәжілістің жетінші және сегізінші шақырылымдарында жұмыс істеді. Парламентке Amanat партиясынан сайланған.
Депутаттар өзекті мәселелерге қатысты сауалдарды жиі жолдай бастады – Қошанов