АСТАНА, 1 қыркүйек – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт бизнес өкілдерімен арнайы кездесу өткізетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгінгі жолдауда мемлекет басшысы кәсіпкерлікті дамыту қажеттігін ерекше атап өтті. Ал мемлекеттік органдар кейде асыра сілтеп, бизнесті дамытуды тежейді.
"Сондықтан экономикалық сипаттағы кейбір заң бұзу әрекеттерін қылмыс санатынан алып тастау жұмысын жалғастыру қажет. Бұл жерде сөз кәсіпкерлерге және олардың экономикалық теріс әрекетке қатысты істер туралы болып отыр. Салық саласында заң бұзғандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз болатын шекті анықтайтын әділ механизм енгізу қажет", - деді Тоқаев парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Президент құқық қорғау органдарына ескерту жасады
"Құқық қорғау органдарының кәсіпкерлерді қудалауын біржола тоқтату керек. Мұндай әрекеттерге тыйым салынған. Бірақ, соған қарамастан, әлі де жалғасып жатқанын білемін. Осындай мәліметтер кейде әдейі таратылып жатады, тіпті, олар жалған болуы да мүмкін. Қалай десек те, бұл – назардан тыс қалдыруға болмайтын мәселе", - деп атап көрсетті мемлекет басшысы.
Тоқаев жуық арада еліміздің бизнес өкілдерімен арнайы кездесетінін жеткізді. Сол жерде кәсіпкерлікке қолдау көрсету, саланы реттейміз деген желеумен жасалатын қысымды азайту және бәсекелестікті дамыту мәселелері мұқият талқыланады.