Энергетика министрлігі АЭС салу бойынша референдумға дайындық жасайды

Мамандар халықтың дауыс беруіне шығарылатын мәселенің тұжырымдамасын анықтауы керек
Sputnik
АСТАНА, 1 қыркүйек – Sputnik. Энергетика министрлігі президенттің АЭС салу жөніндегі референдум туралы тапсырмасын егжей-тегжейлі пысықтайды, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Энергетика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен, парламент депутаттарымен, осы саладағы сарапшылармен және қоғам белсенділерімен бірлесіп, алдағы іс-шараның аспектілерін пысықтайды және бұл жұмыс туралы жұртшылықты ақпараттандырады.
"Мамандар халықтың дауыс беруіне шығарылатын мәселенің тұжырымдамасын анықтауы керек. Референдум өткізу мерзімі туралы қосымша хабарланады", - деп атап өтті ведомство.
Еске сала кетейік, арезидент Тоқаев өз жолдауында атом электр станциясын (АЭС) салу немесе салудан бас тарту мәселесін жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсынған болатын.
"Референдум бірінші кезекте қазақстандықтардың осы саладағы технологияларды дамыту қажеттілігі туралы ойын айтына бағытталады деп ойлаймын, ал үкімет өз тарапынан қоғамға қолайлы шешімдерді ұсынады", - деп атап өтті энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.
2023 жылдың 22 тамызында Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылында атом электр станциясын салу мәселесі бойынша талқылау өтті.
Жергілікті деңгейде өткен талқылауларда тұрғындар атом энергетикасын дамытуды қолдап, жоба өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретінін айтты.
Кейбір қоғам қайраткерлері ашықтық принципін ұстану және жұртшылықпен кері байланыс орнату, барлық мүдделі тараптың пікірі мен мүддесін ескеру мақсатында басқа да жақын аймақтарда қосымша талқылаулар өткізу туралы бастама көтерген еді.
Президенттің Қазақстан халқына жолдауы - 2023
АЭС салу мәселесі жалпыұлттық референдумға шығарылады