Ақмола облысында 12 адам сібір жарасын жұқтырған

Науқастардың арасында 16 жастағы жасөспірім де бар
Sputnik
АСТАНА, 1 қыркүйек – Sputnik. Ақмола облысында сібір жарасын жұқтырған 12 адам ауруханаға жатқызылды. Аса қауіпті кесел тұрғындарға малдан жұққан. Сондықтан Жарқайың ауданындағы Үшқарасу ауылы карантинге жабылды, деп хабарлайды КТК.
Үшқарасу ауылынан Есіл ауданы ауруханасына жеткізілген 12 адамның денесіндегі жара мен басқа да белгілеріне қарап дәрігерлер бірден сібір жарасы болуы мүмкін деп күдіктенген. Бірден сараптама жасап тексергенде, бәрінен күйдіргі дерті табылыпты. Науқастардың арасында 16 жастағы жасөспірім де бар.
Олардың жағдайы орташа ауыр деп отыр дәрігерлер. Мал дәрігерлері адам ауырғаннан кейін ғана қозғалыпты. Ауылдағы "Үшқарасу" серіктестігінде осыдан екі апта бұрын 20 бас ірі-қара арам қатқан. Шаруашылық қожайыны бірден мал дәрігерлеріне хабар беріпті. Бірақ ветеринарлар аша тұяқтылар өрістегі гербицидтен уланды деген диагноз қойыған. Сондықтан мал иесі ауру ірі қараның етін жұмысшыларына таратып беріп, бәрі қуырдақ жасап жеген.
"Малдан алынған сараптама Астанадағы ветеринария ұлттық сараптама орталығына жіберіліп тексерілді. Сараптама малдың сібір жарасымен ауырғанын анықтады. Серіктестіктегі 600 бас қара мал көктемде сібір жарасына қарсы егілген. Қазір Үшқарасу ауылы карантинге жабылды. Дезинфекциялық, карантин шарасы жүргізіліп жатыр", - деді Ақмола облысы ветеринария басқармасының бөлім басшысы Жанат Оспанов.
Қазақстанның екі облысында сібір жарасы анықталды