АЛМАТЫ, 31 тамыз - Sputnik. 1 қыркүйекте 382 мыңға жуық бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды және оның 70 пайызға жуығы мемлекеттік тілде оқуға ниет білдірді, деп хабарлайды оқу-ағарту министрлігі.
Бірінші сыныпқа баратын оқушылардың ең көп саны Алматы қаласында, Түркістан және Алматы облыстарында тіркелген.
"Жаңа оқу жылында 11-сыныпта оқитындардың саны да рекордтық көрсеткішке жетті - 188 900 оқушы. Жалпы, 2023-2024 оқу жылында мектептерде 3,9 миллионға жуық қазақстандық білім алады", - дейді министрлік.
55 мың бала оқу жылын жаңа мектептерде оқитын болады. Биыл жыл соңына дейін жаңа 132 мың орындық білім беру ұйымдары пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Қазақстанда жалпы 7,7 мың орта білім беру ұйымы бар.