АСТАНА, 31 тамыз – Sputnik. Білім күніне орай Атырау қаласының тұрғындары 1 қыркүйекте автобуспен тегін жүреді. Бұл туралы қала әкімі Шәкір Кейкин әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Айтуынша, ол оқу жылының алғашқы күнінің маңыздылығын ескеріп, ата-аналар мен оқушылардың, мұғалімдер мен басқа да қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлау үшін "Ақжайық", "Атырау", "Алғабус" автопаркі басшыларына автобуста тегін қатынау туралы ұсыныс білдірген.
"Аталған автопарк басшылары ұсынысымды бірауыздан қолдап, 1 қыркүйек күні Атырау қаласы және қалаға қарасты елдімекендерге қатынайтын барлық маршруттағы автобустардың тегін қызмет көрсетуге дайын екенін айтты", - деп жазды қала басшысы.
Шәкір Кейкин біркүндік акцияны қолдаған автопарк басшылары мен қызметкерлеріне барша қала тұрғыны атынан алғысын айтты. Сондай-ақ мектеп табалдырығын аттағалы тұрған оқушыларды, ұстаздар мен ата-аналарды Білім күнімен құттықтады.