АСТАНА, 30 тамыз – Sputnik. Бүгін - Конституция күні. Биыл Ата заңымызға 28 толып отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Конституция тарихы
Конституция тұңғыш рет 1924 жылы және одан кейін 1937, 1978, 1993, 1995 жылдары қабылданған болатын.
Ал тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданды. Оған дейін 1978 жылғы Қазақ КСР Конституциясы қолданыста болды.
Алайда 1993 жылғы Конституция ескі әкімшіл-әміршіл ережелерге сүйенгендіктен, жаңа қоғам талабына сай болмады. Әрі онда адамның жеке құқығы мен бостандығы, және оны қамтамасыз ету қағидалары, мемлекеттік үкімет билігін жүргізу нысандары, басқару саласындағы демократиялық институттардың қызметі нақты айқындалмаған болатын. Сол себепті араға екі жыл салып, 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум негізінде 9 тараудан және 98 баптан тұратын жаңа Конституция қабылданды.
Қазақстанның Ата заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі саналады.
Ата заң неше рет өзгерді
Қазақстан егемен ел атанғалы бері Ата заңның баптарына бірнеше рет өзгеріс енгізілді. Мәселен, 2011 жылы қаңтарда ҚР парламенті Конституцияға Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік мерзімін шектемеу жөнінде өзгеріс енгізді. Ол бойынша "бір адам қатарынан екі реттен артық республика президенті болып сайлана алмайды. Бұл шектеу Қазақстанның тұңғыш президентіне – Елбасыға қолданылмайды". Сондай-ақ Қазақстанның бірінші президентіне "Елбасы" мәртебесі берілді. Одан кейін тағы екі рет өзгертілді. Жалпы, Ата заңымыз қабылданғалы бері оған бес рет өзгеріс енгізген.
Ал былтыр 5 маусымда Қазақстанда бүкілхалықтық референдум өтіп, Конституцияның жаңа нұсқасы қабылданды. Әсіресе, негізгі заңнан тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мәртебесінің алынып тасталуы қоғамда қызу талқыланды. Атап айтқанда, 91-баптан тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы ретінде тұңғыш президент туралы тұжырым және оның Елбасы (ұлт көшбасшысы) мәртебесі алынды.
Бұдан бөлек енді жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі болады.
Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшті. Президенттің жақын туыстары саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқару құқығынан айырылды. Депутаттарды сайлау жүйесі де өзгерді.
Сондай-ақ елімізде Конституциялық сот құрылып, қазақстандықтар оған өз бетінше жүгіне алады. Өлім жазасына тыйым салынады.
Айта кетері, осы жолғы референдум арқылы қабылданған Конституция 99-баппен толықтырылды. Енді Қазақстанның Ата заңы 9 тараудан және 99 баптан тұрады.
Қазақстанда адам құқықтары мен бала құқықтары уәкілдерінен бөлек халықтың осал санаттарының құқықтары мен бизнес омбудсмендер құрылды.
Қазақстандықтардың құқықтары қалай қорғалады
Биыл Конституция күні қарсаңында президент адам құқықтарын қорғау жүйесінің өкілдерімен кездесіп, бірқатар маңызды мәселені көтерді. Оның айтуынша, Конституциялық сот қайта құрылғалы бері халықтың біраз арызы қаралды.
"Бұрынғы Конституциялық Кеңес ширек ғасырдың ішінде бар-жоғы 140-қа жуық істі қараған еді. Бұл – жылына небәрі 5 мәселе ғана қаралды деген сөз. Ал Конституциялық Сот алғашқы 7 айдың ішінде 43 істі қарауына алды. Соның 23-і бойынша тиісті шешім шығарылды. Яғни, азаматтар Конституциялық Сотқа тікелей жүгінуге мүмкіндік алды. Бұрын мұндай құқыққа билік институттары ғана ие болған еді", - дейді Тоқаев.
Оның сөзіне қарағанда, халық Конституциялық сотқа шағымдану арқылы өз құқықтарын қорғап қана қоймайды, еліміздің бүкіл құқық жүйесін жетілдіруге де үлес қосады.
Дегенмен, жұрт құзырлы органдардан әділдік таба алмаған соң президент әкімшілігіне арызданып жатады. Осындай өтініштердің саны азаяр емес. Келіп түскен арыздардың сараптамасы соттың, полицияның және прокуратураның қызметіне қатысты шағым өте көп екенін көрсетеді.
Мереке қалай тойланады
Қазақстанда Конституция күні мемлекеттік мереке саналады. Осыған байланысты ел азаматтары мереке күні демалады. Биыл 30 тамыз сәрсенбіге түсіп тұр, қазақстандықтар бір күн демалады.
Әдетте, мереке күні ел астанасы мен облыстарында мәдени-бұқаралық шаралар ұйымдастырылып, мейрам жоғары деңгейде аталып өтеді. Мәселен, биыл "Қазанат" ипподромында бәйгеден республикалық турнир ұйымастырылады. Оған еліміздің барлық өңірінен 100-ге жуық шабандоз қатысады. Ал EXPO жазғы Open-air алаңында The Spirit of Astana заманауи этникалық музыка фестивалі басталады. Бұдан бөлек, Keruen Fest жобасы бар. Соның аясында тегін негізде тұрғындарға қазақ қол өнері, ұлттық бұйымдар жасау, қыш ісі, ұлттық киімдер тігу және ғасырлар бойы келе жатқан ұлттық киіз үйді құру бойынша шеберлік сағаттары ұсынылады.
Алматыда біраз мерекелік шаралар өтеді.