АСТАНА, 29 тамыз – Sputnik. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі телеарналарда ережесіз жекпе-жек сияқты спорт түрлеріне шектеу қойылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан министрліктің Telegram каналына сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, бұл шараның негізгі мақсаты – зорлық-зомбылықты азайту. Әйтпесе, мектеп оқушылары арасында ММА әдістерін қолдану әрекеттері жиілеп кеткен.
"Телеарналарда зорлық-зомбылықты азайту мақсатында ережесіз жекпе-жек сияқты спорт түрлеріне де шектеу қойып жатырмыз. Себебі көп жағдайда сондай бағдарламаларды көрген жеткіншектер, әсіресе, мектеп балалары сол әдіс-тәсілдерді қолдану мақсатында кейде бір-біріне қол көтеріп жатады. Біз оны кейде байқамай, WhatsApp арқылы таратып жатамыз. Мысалы, қыздардың төбелесіп жатқанын немесе ер балалардың бір-бірін аяусыз ұрып жатқаны жайлы видеолар шарлап жүреді. Ал зорлық-зомбылық немесе қатыгездік керісінше, сол қытыгездікті туғызатыны белгілі", - дейді Қыдырәлі.
Оның айтуынша, 6 айда жастар арасында 252 қылмыс тіркелген. Соның басым бөлігі қатыгездік әрекет. Бұдан бөлек, биыл жарты жылда зорлық-зомбылықты насихаттайтын 219 контент анықталған.
"Зорлық-зомбылық көбінесе баланың танысы, көршісі немесе жақындары тарапынан жасалып жатады. Сондықтан ата-аналары ұят болады деп, баланы тыйып жатады. Соның бәрі баланың психологиясына әсер етеді, ол кейін суицидке апаруы, басқа да көптеген теріс салдары болуы мүмкін", - деп атап өтті министр.