АСТАНА, 29 тамыз – Sputnik. Вице-премьер – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Астана тұрғындарының Тәжікстанның көрме-жәрмеңкесіндегі әрекетіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Шынымды айтсам, менің де көңілім қалды. Қазақстандықтар әрдайым өз мәдениетімен, толеранттылығымен, ұстамдылығымен ерекшеленетін. Бізде бәрі жаман деп айта алмаймын. Ол жерде барлық қазақстандық өздерін солай ұстаған жоқ қой. Иә, белгілі бір адамдар болды, сол себепті бізге өзімізді тәрбиелеу керек шығар", -деді Дүйсенова үкімет кулуарында.
Журналистер астаналықтардың жәрмеңкедегі теріс қылығынан кейін халықаралық қоғамдастықта Қазақстанға деген көзқарас өзгермей ме деп сұрады.
"Мұндай келеңсіз жайттар бізде ғана емес, басқа елдерде де болып жатады. Біз, қазақстандықтар, еліміздің имиджіне жауап беретінімізді естен шығармауымыз керек", - деді министр.
Астанадағы EXPO алаңында өткен демалыстағы Тәжікстанның мәдениет күндері аясында тәжік көрме-жәрмеңкесі өтті. Қала тұрғындары мен қонақтары көрме өнімдерін бір сағатқа жеткізбей талап алып кеткен. Жәрмеңкеден түсірілген видеолар желіде қызу талқыланып, қазақстандықтардың сынына ілікті.