Қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 8,5%-ға төмендеді

Жыл басынан бері жүрекке 6 148 операция жасалды, интервенциялық оталар саны 14%-ға артты
Sputnik
АСТАНА, 28 тамыз – Sputnik. Жыл басынан бері Қазақстанда қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 8,5%-ға төмендеді, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.
Оның ішінде жүректің ишемиялық ауруы 12%-ға, жіті миокард инфарктісі - 4,6%-ға, стенокардия-10%-ға, инсульт-13,5%-ға төмендеді. Ал өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда ашық жүрекке жасалатын операциялар саны еліміз бойынша 7,1%-ға өсті.
"Жыл басынан бері жүрекке 6 148 операция жасалды, интервенциялық оталар саны 14%-ға артып, 55 000-нан асты, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6 500-ге көп", - деп жазылған хабарламада.
10 жылдың Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың базасында 460 қанайналымын ұзақ механикалық қолдау құрылғысы имплантатталды, тек биылғы жылы 18 пациент кіріктірілген аппараттардың арқасында өмір сүру мүмкіндігіне ие болды.
Қазақстанда барлығы 13 кардиохирургиялық орталықта/бөлімшеде 602 қолқа қақпақшасын имплантаттау жүргізілді, оның ішінде 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында 80 транскатетерлік TAVI қолқа қақпақшасы имплантатталды.
Айта кетері, Қазақстан жүрек пен өкпені трансплантаттайтын Орталық Азиядағы жалғыз ел саналады. Соңғы 10 жылда ҰҒКО базасында донорлық жүректі трансплантаттау бойынша 86 операция жасалды. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың шілде айында алғаш рет "Шымкент жүрек орталығы" КеАҚ және "Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты" АҚ қабырғасында екі пациентке жүректі трансплантаттау сәтті жүргізілді.