АСТАНА, 28 тамыз – Sputnik. Тамыз айының соңғы күндері Қазақстанның барлық аумағында қатты жаңбыр жауып, ауа температурасы төмендейді.
Синоптиктердің болжамынша, алдағы үш тәулікте республиканың басым бөлігінде ауа райы құбылады. Найзағай ойнап, жаңбыр жауады, бұршақ түсуі мүмкін, қатты жел тұрады.
"Қазақстанның солтүстік-батысында, солтүстігінде, орталығында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында қатты жаңбыр мен ауа температурасының біртіндеп төмендеуі болжанып отыр", - делінген Қазгидромет хабарламасында.
Республиканың солтүстік-батысы мен солтүстігінде күн күрт суытады: түнде +3...+11 градусқа дейін, күндіз +10...+18 градусқа дейін.
Тек еліміздің шығысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында кезең басында жылы болады, содан кейін кезең соңына қарай температура түнде +10...+15 градусқа дейін, күндіз +20...+25 градусқа дейін төмендейді.