АСТАНА, 28 тамыз – Sputnik. Астана әкімі Жеңіс Қасымбек EXPO алаңында өткен Тәжікстанның көрме-жәрмеңкесіне қатысты пікір білдірді.
Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп тауарларының көрме-жәрмеңкесі Тәжікстанның Қазақстандағы мәдениет күндері аясында ұйымдастырылған болатын.
"Жәрмеңкеде 1000 тоннадан астам өнім сатылды. Дегенмен өкініштісі, жәрмеңке мүлкіне зиян келіп, кейбір азаматтар шатырларды, сөрелерді, декорацияларды сындырды. Қоғамдық тәртіп те бұзылды. Бұл – мәдениеттің төменділігінің, адам еңбегін құрметтемеудің белгісі. Кейбір адамдардың орынсыз әрекетіне байланысты Астана қаласының барлық тұрғынына сөз тиді", - деп жазды Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның айтуынша, көрме-жәрмеңкеге 100 мыңға жуық адам қатысқан. Қала тұрғындарының басым бөлігі мәдениетті болған. Қала әкімі оларға алғыс айтты.
Қасымбек полицияға вандализм әрекеттерін жасаған және қоғамдық тәртіпті бұзған адамдарды анықтау тапсырылғанын атап өтті.
"Құқық бұзушылар жауапқа тартылады", - деді Астана әкімі.
Айта кетері, алғашында EXPO алаңында ұйымдастырылған тәжік жәрмеңкесі 4 күнге жоспарланған еді. Алайда жеткізілген тауарлар жылдам сатылып кетуіне байланысты жәрмеңке мерзімінен бұрын аяқталды. Қала тұрғындары мен қонақтары көрме өнімдерін бір сағатқа жеткізбей талап алып кеткен. Жәрмеңкеден түсірілген видеолар желіде әлі қызу талқыланып жатыр.