АЛМАТЫ, 28 тамыз – Sputnik. Самара – Шымкент автожолында жол апатынан Ресей азаматы қайтыс болды, деп хабарлады Polisia.kz.
Қайғылы оқиға 26 тамызда сағат 14:00-де болған.
"MAN-TGX жүк көлігін жүргізіп келе жатқан 24 жастағы Өзбекстан Республикасының азаматы Самара-Шымкент автожолының Қызылорда облысы шекарасына жақын жерінде, жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Салдарынан Ресей Федерациясының 51 жастағы азаматының басқаруындағы Lada Largus автокөлігімен соқтығысқан", - дейді ведомство.
Lada жүргізушісі алған жарақатынан оқиға орнында қайтыс болды, оның кәмелетке толмаған жолаушысы түрлі жарақатпен Ырғыз ауданының орталық ауруханасына жатқызылды.
Қазіргі күні ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігі "Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы" бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Полицияның айтуынша, MAN-TGX жүргізушісі көлік құралын шаршаңқы күйде басқарған.