Қоғам

Алматыда полицияның сервистік орталықтары ашылады

Сервистік орталықтарға жүгінгендер телефонын тапсырмайды және қылмыскерлермен де жүзбе-жүз кездеспейді
Sputnik
АСТАНА, 28 тамыз – Sputnik. Алматының сегіз ауданында полицияның сервистік орталықтары ашылады. Сервистік орталықтар полиция бөлімшелеріне түсетін ауыртпалықты азайтуға және олардың жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды ІІМ баспасөз қызметі.
Қазір мегаполис тұрғындары мен қонақтары әртүрлі мәселелер бойынша аудандық полиция бөлімдерінің жанындағы фронт-офистерге жүгінеді. Бұл келушілер үшін де, қызметкерлер үшін де ыңғайсыз. Себебі мұнда бейбіт тұрғындардан бөлек, қылмыс жасады деп танылған күдіктілер жеткізіледі, пробация есебінде тұрған сотталғандар да келеді. Еңбек мигранттарының да қарасы қалың.
"Сондай-ақ полиция ғимараттары режимдік нысан болғандықтан, азаматтар толық тексеруден өтуге мәжбүр, ұялы телефондары уақытша алынып, қызметкер бірге еріп-жүруі міндетті", - деп түсіндірді полициядағылар.
Осыған байланысты арызданушылар мен қызмет алушылар үшін сервистік орталықтар ашылады.
Сервистік орталықтарда 55 түрлі қызмет тегін көрсетіледі. Орталықта полиция тарапынан көші-қон, әкімшілік заңнама және құқықбұзушылықтың алдын алу саласындағы мамандар отырады. Бұдан басқа онда медиатор, заң қызметтерін көрсету жөніндегі консультант және психолог жұмыс істейді. Әйелдердің құқықтарын қорғау жөніндегі қызметтер ұсынылып, ІІМ жоғары оқу орындарына оқуға және ІІО-ға жұмысқа қабылдау бойынша кеңес беріледі.
"Аталмыш жобаның тұжырымы – клиентке бағдарлану. Бүгінде ІІМ бағалау индикаторларын өзгертіп жатыр. Сондықтан да қажетті жаңа тәсілдер азаматтарымыздың көңілінен шығуы тиіс", – деді ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.
Сервистік орталықтардың негізгі мақсаты – қоғаммен ашық диалог құрып, халықтың сұранысына жедел ден қою, қала тұрғындары мен қонақтарына кәсіби, білікті көмек көрсету, деп түйіндеді ІІМ.
Полицейлер пара алуға қорқады – министрлік себебін түсіндірді