АСТАНА, 27 тамыз – Sputnik. Павлодар облысының Шарбақты ауданында Қазақстанның бірінші әнұраны авторларының бірі, еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Мұзафар Әлімбаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған мерекелік іс-шаралар өтті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Мұзафар Әлімбаевтың туған ауылында киіз үйлер тігіліп, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты жазған кітаптар мен жеке заттарының көрмесі ашылды.
"Мұзафар Әлімбаевтың поэзиясы – классиканың үлгісі ғана емес, сонымен қатар қазақ тілінің басты қазынасы. Ол "Балдырған" балалар журналының негізін қалап, қазақ балалар әдебиетінің дамуына елеулі үлес қосты. Ақынның өлеңдеріне 200-ден астам ән жазылған және олар бүгінгі күнге дейін көпшілікке танымал", - деді облыс басшысы Асаин Байханов салтанатты іс-шарада.
Мұзафар Әлімбаев 1923 жылы 29 қазанда Павлодар облысы Шарбақты ауданындағы Маралды ауылында дүниеге келген. Сегіз жасында әкесі, 13 жасында анасынан айырылып, жетім қалды. Есейген шағы екінші дүниежүзілік соғыстың басталған күніне тұспа-тұс келді. Қан майданда танк батареясының командирі болды. Соғыс жылдары өлеңдері республикалық, облыстық және майдан газеттерінде басылды. Соғыс біткен соң Мұзафар Әлімбаевты Шығыс Германия жерінде әскери қызметке алып қалып, елге 1948 жылы ғана оралды.
Жазушы 2017 жылы 94 жасында дүниеден өтті. Мұзафар Әлімбаев туралы қызықты деректерді Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқуға болады.