АСТАНА, 23 тамыз - Sputnik. Магистратураға білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық комиссияның жұмысы аяқталды, деп хабарлады ғылым және жоғары білім министрлігі.
"Мемлекеттік грант иегерлерінің тізімі бүгін жарияланады", - делінген ведомствоның хабарламасында.
Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін барлығы 14 612 адам қатысты. Оның 8 359-ы грант иегері атанды.
Министрлікте мемлекеттік білім гранттары республикалық комиссияның қорытындысы бойынша тағайындалғаны атап өтілді. Оның құрамына парламент депутаттары, министрліктің, мүдделі мемлекеттік органдардың, білім беру саласындағы кәсіподақтардың, ұлттық кәсіпкерлер палатасының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді.
Магистратураға грант иегерлерінің тізімі бүгін министрліктің сайтында және Telegram-арнасында жарияланады.
Жоғары оқу орындарына қабылдау 2023 жылдың 28 тамызына дейін жалғасады, деп толықтырды ведомстводан.