Қоғам

Балалар да ойнаған: заңсыз онлайн-казино ашқандарға қатысты тергеу басталды

Sputnik
АСТАНА, 23 тамыз – Sputnik. Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті заңсыз "1WIN" онлайн-казино ұйымдастыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады.
"1WIN" онлайн-казиносы Қазақстан аумағында ғана емес, ТМД мен алыс шет елдерде де жұмыс істеген. Онлайн платформа мыңдаған отандасымызды заңсыз ойын бизнесіне тартып қана қоймай, тиісті лицензиясыз букмекерлік қызмет атқарған.
"Ақша ғаламтор-эквайринг арқылы және аутентификациясыз қабылданған. Бұл кәмелетке толмағандардың да құмар ойын ойнауына мүмкіндік берді", - деп хабарлайды ҚМА.
Қазақстан заңнамасы бойынша елде онлайн-казиноға тыйым салынған, ал букмекерлік қызметтер тиісті лицензия болған жағдайда ғана ұсынылады.
Қазіргі таңда заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушы күдікті ретінде танылды. Қажетті тергеу және жедел іздестіру шаралары жүріп жатыр.
ҚПК 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
Қоғам
Биыл заңсыз жұмыс істеген 3 670 онлайн-казино бұғатталды