Жамбыл облысының алты ауданында төтенше жағдай жарияланды

Sputnik
АЛМАТЫ, 22 тамыз – Sputnik. Жамбыл облысының алты ауданында өңірлік ауқымда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлады облыстық әкімдік.
Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Тұрар Рысқұлов және Талас аудандарының диқандары ауа райының қалыптан тыс ыстық болуы және су тапшылығы салдарынан шығынға батты.
"Осы себепті шаруалардың шығынын өтеуге Қазақстан үкіметінің төтенше резервінен қаражат бөлу мәселесі өз шешіліп жатыр", - деп мәлімдеді әкімдік.
Премьер-министрдің төрағалығымен өткен кеңесте облыс басшылығының бастамасымен өңірлік төтенше жағдай жариялау туралы мәселе көтерілген.
Үкімет басшысының хаттамалық тапсырмасына сәйкес, ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды.
"Жұмыс тобы егіс алқаптарын аралап, жергілікті жерлердегі жағдаймен танысып, шаруа қожалықтарымен кездесулер өткізді. Жан-жақты жұмыстар нәтижесінде үкіметке өңірлік сипаттағы төтенше жағдай жариялау және шаруа қожалықтарының шығындарын өтеуге қаржы бөлу туралы ұсыныс енгізіліп, қолдау тапты", - дейді ведомство.
Шаруа қожалықтарына келтірілген шығын көлемін анықтау шаралары вегетациялық кезең аяқталғанша нақтыланып, жақын күндері жарамсыз қалған аумақ пен шығын мөлшері түпкілікті айқындалады.
Қазақстанның оңтүстігінде құрғақшылықтан егістік алқабы қурап қалды