АСТАНА, 22 тамыз – Sputnik. Вице-премьер – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев қазақ-қырғыз шекарасында кептелісте тұрған жүк көліктеріне қатысты түсініктеме берді.
"Ол жерде кеден жоқ, бұл ЕАЭО-ның ішкі шекарасы. Менің білуімше, есірткі заттарын ұстау бойынша операция өткен, сол себепті қазір Шекара қызметі мен ҰҚК тарапынан жіті тексеріс жүріп жатыр",- деді министр үкімет кулуарында журналистердің сұрақтарына жауап беріп.
Ол "коммерциялық жүктерге қатысты ешқандай нұсқау болмағанын" атап өтті.
Кеше Қырғызстан жағынан "Ақ-Тілек" өткізу бекетінің алдында 370 көлік кептелісте тұрып қалды, деп хабарлайды Sputnik Қырғызстан. 10 сағаттың ішінде небәрі үш жүк көлігін өткізген.
Қырғыз басылымдары шекарадағы жағдайға Қырғызстанның Қазақстанға су беруді тоқтатуы себеп болуы мүмкін деп болжады.
Еске салсақ, тамыз айында Қырғызстаннан Жамбыл облысына судың берілуі тоқтатылды. Соның салдарынан өңірдегі егістік алқаптары зардап шеккен.