Қазақстандықтар нансыз қалмайды – Смайылов

Биыл су тапшылығына байланысты кейбір өңірлерде егістік алқаптары қурап қалды
Sputnik
АСТАНА, 22 тамыз – Sputnik. Премьер-министр Әлихан Смайылов құрғақшылықтан кейбір облыстарда дәнді дақыл алқаптары зардап шеккеніне қарамастан, қазақстандықтар нансыз қалмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, құрғақшылықтың салдарын жою мақсатында шұғыл шаралар қабылданды. Оның ішінде үкімет резервінен қаражат бөлінеді.
"Бәйтерек" холдингі құрғақшылықтан зардап шеккен шаруалардың кредиттері бойынша борышты төлеу мерзімін ұзарту және оны қайта құрылымдау мәселесін пысықтауы қажет.
"Өздеріңіз білетіндей, жаз айлары жылдағыдан ыстық болды. Құрғақшылықтан бірқатар өңір зардап шекті. Оларда жиналатын өнім көлемі азайып қалайын деп тұр. Жалпы жағдай бақылауда. Жеткілікті көлемде өнім жиналады. Қазақстандықтар нансыз қалмайды", - деді Смайылов үкімет отырысында.
Премьердің айтуынша, климаттың өзгеруі мен су тапшылығы ауыл шаруашылығы үшін үлкен қауіп-қатерге айналып отыр. Сондықтан су ресурстарын тиімді пайдалануды күшейту бойынша Жол картасын әзірлеу қажет. Өңірлер белсенді түрде су үнемдеу технологияларын енгізуі тиіс.
"Сондай-ақ қазіргі жағдайда жемшөп дайындауға ерекше назар аудару қажет. Бүгінгі таңда Қостанай, Түркістан, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Алматы облыстарында мал азығын дайындау қарқыны жақсы. Ал Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында жұмыстар баяу жүруде", - деді үкімет басшысы.
Смайылов жұмыс бәсеңдеп қалған өңірлерге ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, жұмыс қарқынын күшейтіп, жемшөп бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуді тапсырды.
Қазақстанның оңтүстігінде құрғақшылықтан егістік алқабы қурап қалды