АСТАНА, 22 тамыз – Sputnik. Төтенше жағдайлар министрлігі "Қазақстан" шахтасындағы өрттің әлі жанып жатқанын хабарлады.
"22 тамызда сағат 8.00-дегі жағдай бойынша Қазақстан шахтасындағы ахуал: авариялық қазбадағы өрт ошақтары әлі де жанып жатыр, жағдай жақсарған жоқ", - делінген ресми хабарламада.
Қазіргі кезде өрттің таралуына жол бермеу үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ол үшін гипстен көпірлер салу арқылы апатты учаскені оқшаулау туралы шешім қабылданды.
"Көпірлер салу орындары анықталды, материалдарды жеткізу жұмыстары басталды. Содан кейін барлық күшті апаттық учаскені оқшаулауға жіберу жоспарланып отыр", - дейді құтқарушылар.
Айта кетері, 17 тамызда "Қазақстан" шахтасынан өрт шыққан болатын. "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына қарайтын кәсіпорында көмір өндіріледі. Төтенше жағдай кезінде конвейерлік таспа отқа оранғаны белгілі болды. Сол кезде шахтада 227 кенші болған. Бес кенші қаза тапты.