АСТАНА, 22 тамыз — Sputnik. Қазақстан мен Вьетнам арасындағы рейстер саны артып, екі ел арасында жүк тасымалы дамиды, деп хабарлайды индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен VietJet Air әуе компаниясы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
"Бұл Қазақстанның авиациялық билігі мен VietJet Air атқарған жұмыстың жемісті нәтижесі. Осыған сәйкес тараптар "ашық аспан" режимі шеңберінде ұшу географиясын одан әрі кеңейтіп, Қазақстан мен Вьетнам арасындағы рейстерді ұлғайтуға, сондай-ақ екі ел арасында жүк тасымалдарын дамытуға күш салады", - дейді ведомство.
Бұған қоса жолаушыларға қосымша мүмкіндіктер беру үшін VietJet Air қазақстандық авиакомпаниялармен ынтымақтастықты нығайтып, оның ішінде "интерлайн" және "кодшер" келісімдеріне қол қоюға мүдделі.
Жоғарыда аталған уағдаластық арқылы екі ел туризмді дамытып, мәдени, сонымен бірге инвестициялық, іскерлік байланысты арттыруды көздеп отыр.