АСТАНА, 21 тамыз – Sputnik. Астанадағы ұлттық пантеонның атауы өзгеруі мүмкін. Бұл туралы елордалық мәслихаттың төрағасы Ерлан Каналимов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Пантеонның атауын тағы да ойластыратын шығармыз. Өйткені қазақша айтсақ, пантеон кішкене жараспайтын сияқты. Министрлікпен және әкімдікпен бірлесіп талқылаймыз", - деді Каналимов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның айтуынша, қазір Ұлттық пантеонда бұрын хабарланғандай төрт емес, 40 орын қалған.
"Сіздер пантеон жобасы әлі аяқталмағанын түсінулеріңіз керек. Бүгінгі таңда жобаның бірінші бөлігі енді аяқталып жатыр. Көшпелі жиналыс болды, пантеонда төрт орын емес, 40-тан астам орын бар", - деп атап өтті мәслихат төрағасы.
Ол пантеон төңірегінде шу көтере берудің қажеті жоқ деп санайды. Өйткені мұндай пантеондар тек Қазақстанда ғана емес, Мәскеуде, Бакуде және ТМД-ның басқа мемлекеттерінде де бар.