Электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту қажет – Тоқаев

Алматы әкімі президентке 2025 жылдың соңына дейін қаладағы қоғамдық көлік саласы толықтай экологиялық стандартқа көшірілетінін баяндады
Sputnik
АСТАНА, 18 тамыз – Sputnik. Алматының экологиялық ахуалын жақсарту үшін электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту қажет. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаланы дамыту мәселелері жөнінде кеңесте айтты, деп хабарлады Ақорда.
"Президент Алматының экологиялық ахуалын жақсарту үшін қаладағы көлік қозғалысын реттеп, электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту қажет деп санайды", - деп жазылған хабарламада.
Қала әкімі Ерболат Досаев 2025 жылдың соңына дейін қаладағы қоғамдық көлік саласы толықтай экологиялық стандартқа көшірілетінін баяндады. Бұдан бөлек, қажетті инфрақұрылымды дамыту арқылы халықтың электромобильге деген сұранысын арттыру мүмкіндіктері қарастырылып жатыр.
Мемлекет басшысы сондай-ақ таяуда "Ақкент" ықшам ауданындағы көпқабатты тұрғын үйде болған өртті мысалға келтіріп, өрт қауіпсіздігі саласындағы ахуалды сынға алды. Президент Төтенше жағдайлар министрлігіне өрт кезінде сақталуға тиіс қауіпсіздік шаралары жөнінде халықтың сауатын арттыру үшін жаппай оқу-жаттығу шараларын ұйымдастыруды тапсырды. Ал қала әкімдігіне өртке қарсы күрес қызметінің материалдық-техникалық базасын күшейту үшін пәрменді шаралар қабылдау міндеті жүктелді.