Шахтада қаза тапқан кеншілердің отбасына қандай материалдық көмек көрсетіледі

Қайтыс болған адамдардың отбасына 10 жылдық жалақысы төленеді
Sputnik
АСТАНА, 18 тамыз – Sputnik. Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов Қарағанды облысындағы "Қазақстан" шахтасындағы өрттен қаза тапқан кеншілердің отбасына қандай көмек көрсетілетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бұл мекемеде жұмысшы мен жұмыс берушінің арасында 2022-2024 жылдарға арналған ұжымдық еңбек шарты бар. Сол ұжымдық еңбек шарты бойынша қайтыс болған адамдардың отбасына 10 жылдық жалақысы төленеді. Қайғылы жағдайда қаза болғандардың отбасына пәтер беріледі, балаларының оқуға түсуіне жағдай жасалады", - деді Оспанқұлов шахтадағы апат бойынша өткен брифингте.
Сондай-ақ өрттен зардап шеккен шахтерлерге де көмек көрсетіледі.
"Олардың сырқаттануына байланысты жәрдемақы 100 пайыз төленеді. Сауығып шыққанға дейін емдеу шығындарын компания толығымен өз мойнына алады. Егер одан кейін жазылмай, мүгедек болып қалса, онда әлеуметтік көмек көрсетіледі", - деді ол.
Еске салсақ, 17 тамыз сағат 10.05-те "Қазақстан" шахтасында конвейер лентасы өртенді. ТЖ кезінде жер астында 227 болған, 222 кенші құтқарылды. Екі адамның денесі табылды, тағы үшеуі іздестіріліп жатыр.
Зардап шеккен 11 кенші қазір ауруханада ем қабылдап жатыр.
Қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-тармағы "Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу" бойынша қылмыстық іс тіркелді.