"Қазақстан" шахтасында қаза болған кеншінің кім екені белгілі болды

Қалған жұмысшыларды іздестіру жалғасып жатыр
Sputnik
АСТАНА, 18 тамыз - Sputnik. Қарағанды облысындағы "Қазақстан" шахтасында қаза болған кеншінің аты-жөні белгілі болды.
""Қазақстан" шахтасындағы өрт салдарынан компания қызметкері 1965 жылы туған Слюньков Виталий Владимирович қайтыс болды. Ол 5-санаттағы жерасты электр слесарі болған. Еңбек өтілі 39 жыл. Марқұмның отбасына қайғыра көңіл айтамыз", - делінген "АрселорМиттал Теміртау" хабарламасында.
Қалған жұмысшыларды іздестіру жалғасып жатыр.
"Қазіргі уақытта желдетудің дұрыс режимін қалпына келтіру және кеншілерімізді іздеуді жалғастыру үшін өртті оқшаулау жұмыстары жүргізілуде. Құтқару қызметтерінің 12 бөлімшесі жұмыс істеп жатыр", - дейді "АрселорМиттал Теміртау" АҚ атқарушы директоры Виктор Гафиулов.
Еске сала кетейік, 17 тамызда "АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорнының "Қазақстан" шахтасында конвейер таспасының өртенді. Шахтада 227 адам болған. 22 адам эвакуацияланды. Сегіз адам зардап шекті. Төтенше жағдай кезінде 5 жұмысшы жоғалып кетті. Оның төртеуі әлі іздестіріліп жатыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан" шахтасында болған апаттың себептеріне жан-жақты тергеу жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ зардап шеккендерге қажет барлық көмек көрсетілуге тиіс.
Шахтадағы төтенше жағдай: жоғалғандарды табуға қою түтін кедергі болып тұр