Босану кезінде жүкті әйелге көмектесетін серігі не істей алады

Статистика бойынша елімізде әйелдер босану кезінде көбіне жанында аналарының болғанын қалайды екен
Sputnik
АСТАНА, 16 тамыз – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі жүкті әйелге босану кезінде көмектесетін серігінің болуы қаншалықты маңызды екенін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Статистика бойынша елімізде әйелдер босану кезінде көбіне жанында аналарының болғанын қалайды екен.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеулеріне сәйкес, босану кезінде жанында қолдайтын адамның болуы ананың да, баланың да денсаулығына жақсы әсер етеді. Әйел босану процесіне оңайырақ төзеді, өзін еркін сезінеді.
Қазақстанда акушерлік-гинекологиялық көмек көрсету стандарты бар. Осы стандартқа сәйкес, жүкті әйел босану палатасына жатқызылады. Аяғы ауыр келіншектің босануына психологиялық қолдау көрсететін жанындағы серігінде ауыр инфекциялық аурулар болмауы тиіс. Жүкті әйелге көмек көрсететін серігі босану палатасына таза киіммен және ауыстырып киетін аяқ киіммен жіберіледі.
"Босану кезінде қолдау көрсететін серігінің болуы жүкті әйелмен алдын-ала босану жоспарын құру кезінде келісіледі", - делінген министрлік хабарламасында.
Босану кезінде әйелге көмектесетін серігі не істей алады:
толғақтың ұзақтығын және олардың арасындағы уақыт аралығын өлшеу
босанған әйелдің қолын ұстау, су беру, терді сүрту
әйелге босану кезінде дұрыс дем алуға көмектесу
ауырсынуды басатын массаж жасау
дәретханаға немесе душқа апару
қажет болған жағдайда дәрігерді шақыру
Жүкті әйел босанғаннан кейін серігі бірден нәрестені анасының ішіне жатқызады, жылы көрпе жабады, балаға жылы қалпақ кигізеді, содан кейін босанған келіншектің қалауы бойынша ол баланы қолына ала алады. Егер босану процесі аса ауыр өтпесе, серігі анасы мен баласын палатаға ертіп бара алады.