Қазақстанда балабақшаға кезекке тұрудың бірыңғай базасы құрылады

1 қыркүйектен бастап балабақшаға баратын аз қамтылған отбасылардан шыққан 97 мыңнан астам бала тегін тамақпен қамтылады
Sputnik
АСТАНА, 15 тамыз – Sputnik. Мектепке дейінгі ұйымдарда орындарды бөлуде ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында жыл соңына дейін балабақшаға кезекке қоюдың бірыңғай деректер базасы жасалады, деп хабарлайды оқу-ағарту министрлігі.

"Отбасылардың өмірлік түрлі жағдайларына байланысты ата-аналардың мектепке дейінгі ұйымды таңдауының жаңа жолдары қарастырылып жатыр. Балаларға тең жағдай жасау мүмкіндіктерін қамтамасыз етудегі тағы бір маңызды мәселе – халықтың әлеуметтік осал топтарының балаларын тегін тамақтандыру", - деді оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Сондай-ақ министр атап өткендей, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 1 қыркүйектен бастап балабақшаға баратын аз қамтылған отбасылардан шыққан 97 мыңнан астам бала тегін тамақпен қамтылады.
Айта кетерлігі, елімізде 2-6 жас аралығындағы балалардың 89,1 пайызы мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылған.