АСТАНА, 15 тамыз – Sputnik. Ішкі істер министрлігі мектептердің қауіпсіздігін тексеріп шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің міндетін атқарушы Марат Қожаевтың айтуынша, 5 620 мектептің қауіпсіздік жүйелері тексерілді. Сол кезде 2 900 нысанда сан алуан кемшілік анықталды. Олар:
бейнебақылау жүйелерінің стандарттарға сәйкес келмеуі;
дабыл түймелерінің жоқтығы;
турникеттер мен лицензияланған күзеттің болмауы.
"Барлығы 24 басшы жауапқа тартылды. 5,4 млн теңгеге айыппұл салынды. Қалғандары бойынша кемшіліктерді жою туралы ұйғарымдар енгізілді. Тексеріс жалғасып жатыр", - деді Қожаев үкіметтің бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, мектептердің бейнебақылау камераларын жедел басқару орталықтарына және кезекші бөлімдерге қосу жұмыстары жалғасуда. Осы бағытта жұмыстар Алматы (50%), Атырау (70%) және Қарағанды (74%) облыстарында кешеуілдеп жатыр.