Министрлік қайтыс болған орманшылардың отбасына берілетін төлемақы көлемін жариялады

Төлемдерді әрбір отбасы мүшесі алады
Sputnik
АСТАНА, 14 тамыз - Sputnik. Қазақстанда қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан орманшылардың отбасыларына ақшалай төлемдер беріледі, тиісті қаулы жобасы қоғамдық талқылау үшін "Ашық НҚА" сайтында жарияланды.
"Қайтыс болған мемлекеттiк орман күзетi қызметкерiнiң әрбiр отбасы мүшесiне ақшалай төлем соңғы атқарған лауазымы бойынша ақшалай жалақысының 40%-і мөлшерiнде беріледі", - деп жазылған құжатта.
Орманшылардың отбасы мүшелеріне жұбайы, сондай-ақ кәмелетке толғанға дейін немесе жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесінде, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінде күндізгі оқу орнын бітіргенге дейін жиырма үш жастан аспайтын балалары, оның ішінде асырап алынған балалары, өгей ұлдары мен өгей қыздары жатады.
Бұл ретте отбасының барлық мүшесі үшін ақшалай төлемдердің ең жоғары мөлшері ақшалай қаражаттың 100%-інен аспауы керек.
Жоба 2023 жылдың 28 тамызына дейін қоғамдық талқылауда болады.
Еске салсақ, 8 маусымда Абай ауданында өрт шығып, ол 0,3 гектардан 60 мың гектарға дейін тарады. Өрт кезінде "Семей орманы" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Жаңа Шүлбі филиалының 14 қызметкері қаза тауып, кейінірек орман шаруашылығының тағы бір қызметкерінің денесі табылды. Өрт төтенше жағдайлар саласындағы бірқатар жүйелі проблемаларды, атап айтқанда, ескі техника, ыңғайсыз киім және тағы басқа мәселені әшкереледі, деді депутаттар.
Бұған дейін экология министрлігі Қазақстандағы штаттан тыс орманшылардың жалақысы қандай болатынын жариялады.
1 шілдеден бастап Қазақстанның табиғатты қорғау қызметінің жұмысшылары лауазымдық жалақысына 100% үстемеақы алды.
Қаза тапқан орманшылардың отбасыларына 7 млн теңгеден беріледі