АСТАНА, 14 тамыз – Sputnik. Маңғыстау облысында Маңғыстау атом энергетика комбинатында (МАЭК) екі энергоблоктың істен шығуына байланысты бірқатар елді мекенде электр қуатын уақытша өшіру әдісі қолданылады, деп хабарлады облыстың қоғамдық коммуникациялар орталығы.
"13 тамызда №3 энергоблокты апатты жөндеуге және № 1 энергоблокты мәжбүрлеп сөндіруге байланысты Kegoc ұлттық диспетчерлік орталығының бұйрығымен "МАЭК" жауапкершілігі шектеулі серіктестік электр станциясында электр энергиясын тұтынуға ішінара шектеулер енгізілді", - деп жазылған хабарламада.
Облыста мемлекеттік органдар мен коммуналдық қызмет өкілдерінің қатысуымен жедел штаб құрылды. Тамыздың 13-нен 14-не қараған түні жедел штаб бірінші санаттағы нысандарды (әлеуметтік және тіршілікті қамтамасыз ету нысандары) электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселесін талқылады.
Облыстың елді мекендерінде электр қуатын біркелкі қосу үшін тұтынушыларды жарық көзінен уақытша өшіру туралы шешім қабылданды. Аймақтарға бөле отырып, оларды 3-5 сағатқа электр энергиясынан ажыратады.