Дүйсеноваға кез келген құқықтық көмек көрсетуге дайынбыз – министрлік

Журналистен тыйым салынған заттар табылған жоқ
Sputnik
АЛМАТЫ, 14 тамыз - Sputnik. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі журналист Сандуғаш Дүйсенованы ұстаудың мән-жайын анықтау үшін ішкі істер министрлігіне жүгінді. Бұл туралы ақпарат министрлігінің баспасөз хатшысы Нұрбек Амиша мәлімдеді.
Ведомство бұл мәселені бақылауда ұстайтынын және журналиске кез-келген құқықтық көмек көрсетуге дайын екенін айтты.
Жетісу облысы полиция департаментінің мәліметінше, 11 тамызда журналист Дүйсенова Талдықорғанда ұсталып, қалалық полиция басқармасына жеткізілген.
"Ішкі істер органдарына хабарласып, мәселенің мән-жайын білдік. Жетісу облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Дүйсенова Талдықорғанда жеке өмір мәліметтерін тарату туралы арыз бойынша ұсталып, ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхатпен шығарылған. Қазіргі таңда тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр", - дейді ведомство.
Кейінірек Сандуғаш Дүйсенова полиция оны киімсіз видеоға түсіргенін хабарлады.
Ал Жетісу облысының полициясы бейнетүсіріліммен жеке тінту жүргізу үшін сот санкция бергенін мәлімдеді.
"БАҚ-та және әлеуметтік желілерде полиция қызметкерлері тінту кезінде заңсыз әрекеттерге барғаны туралы ақпарат тарады. Бұл мәселе бойынша сотқа дейінгі тергеу аясында 11 тамызда соттың санкциясымен жеке тергеу жүргізілгенін түсіндіреміз", - делінген хабарламада.
Полицейлер жеке тінту қылмыстық кодекс талаптарына сәйкес тергеушінің криминалист пен екі әйел куәгердің қатысуымен жүргізілгенін айтады.
Жеке тінту кезінде ғылыми-техникалық құралдарды (бейнекамера) қолдану міндетті және қылмыстық іс жүргізу кодексімен реттеледі, деп толықтырды полиция. Бірақ журналистен тыйым салынған заттар табылған жоқ.