АСТАНА, 13 тамыз – Sputnik. Қазақстанда жылыжай көлемі өткен жылдың қорытындысына сәйкес 232,3 гектарға қысқарып, 1,2 мың гектарды құрады. Бұл туралы жылыжай шаруашылығын дамыту мәселелеріне арналған отырыста айтылды, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, жылыжай аумағының қысқаруына өндірілген өнімнің өзіндік құнының жоғары болуы және бизнестің төмен рентабельділігі себеп болған.
Ол маусымаралық кезеңде электр энергиясы, газ, көмір шығындарын субсидиялауды енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
"Жақын арада инвестициялық субсидиялау шеңберінде жылыжай кешендерін салу және кеңейту жөніндегі жобаларды іске асыру кезінде шығындарды өтеуді 25%-дан 30%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр", - деп жазылған хабарламада.
Ереженің жобасын қыркүйек айының соңына дейін бекіту жоспарланған.
Бұдан басқа, жабық топырақта өсірілген көкөніс дақылдарын өндіруді дамыту мақсатында тыңайтқыштар (органикалық дақылдарды қоспағанда), пестицидтер, биоагенттер мен биопрепараттардың құнын субсидиялау, суармалы су, қияр және қызанақ тұқымдарын беру арқылы мемлекеттік қолдау жалғасады.
Бүгінде жылыжайлардың негізгі бөлігі Түркістан облысында – 824,2 га, Алматы облысында – 79 га, Қарағанды облысында – 43 га, Шымкентте – 139,2 га көлемінде шоғырланған.