Ақтөбеде өрт шыққан көпқабатты үйден 44 адам эвакуацияланды

Өрт сөндірілді, зардап шеккендер жоқ
Sputnik
АСТАНА, 13 тамыз - Sputnik. Ақтөбе облысының өрт сөндірушілері тұрғын үйден 44 адамды эвакуациялады. Бұл туралы аймақтың төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
"Бүгін сағат 13:22-де 101 пультіне Ақтөбе қаласының Жаманқұлов көшесіндегі бес қабатты тұрғын үйлердің бірінде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Бірінші қабаттағы пәтердегі тұрмыстық заттар өртенді", - деп жазылған хабарламада.
Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер құтқаруға арналған бас киімдердің көмегімен 4 адамды шығарды. Сонымен қатар баспалдақ арқылы 40 адам, оның ішінде 10 бала эвакуацияланды.
Ресми ақпаратқа сәйкес, өрт сағат 13.47-де сөндірілді. Өрт аумағы 20 шаршы метрді құрады. Зардап шеккендер жоқ.
Өртті сөндіруге 26 адам мен 6 техника жұмылдырылды. Бұдан бөлек оқиға орнында апаттар медицинасы орталығы филиалының бригадасы да болды.
Ақтөбе облысы ТЖД азаматтарды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырады.
Ақкенттегі өрт: дәрігерлер зардап шеккендердің жағдайы туралы ақпарат жариялады