Бір оқушы көз жұмып, сегізі ауыр жарақат алды: Ақтөбеде директор орынбасары сотталды

Ақтөбе қаласына жарысқа шыққан көлік аударылып, ішінде болған оқушылар мен жаттықтырушы зардап шеккен еді
Sputnik
АСТАНА, 12 тамыз – Sputnik. Ақтөбе облысында оқушыларды жарысқа апара жатып аударылған көлікті тізгіндеген спорт мектебі директорының орынбасарына қатысты сот үкімі шықты. Ол екі жарым жыл түрмеде отырады, деп хабарлайды КТК.
"ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігінде көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған 5 жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айырып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын", - деген үкім шығарды Ақтөбе облысы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот судьясы Мираш Жүгінісова.
Бұл оқиға осыдан тоғыз ай бұрын Темір ауданында болған еді. Шұбарқұдық ауылынан Ақтөбе қаласына жарысқа шыққан Toyota Estima көлігі аударылып, ішінде отырған тоғыз оқушы мен жаттықтырушы зардап шекті.
Бір бала оқиға орнында көз жұмды. Екі бала орташа ауыр дәрежеде, 4 бала және жаттықтырушы ауыр жарақат алды. Жарақат алған оқушылар аяғынан тұрғанымен, бапкер төсекке таңылған, жағдайы тым ауыр. Қазір Алматыда емделіп жатыр. Осы бапкердің еміне сотталушы 5 миллион теңге өтемақы төлеуге тиіс және бөлек шығынға қатысты іс тағы азаматтық сотта қаралатын болады. Бірақ жәбірленуші тарап мұнымен келіспей отыр.
"4 миллион 470 мың беріп отырмын. Әр жағына 5 миллион тағы беріп отырсыздар. Мен 10 миллион беремін ғой сонда. Онымен қоймай өзі сотталып кетеді. Мен үш баланы бағамын ба, бес миллионды төлеп беремін бе?!", - дейді сотталушының әйелі.
Өңірлер
Ақтөбе облысындағы жол апаты: 5 оқушы жансақтау бөлімінде жатыр