АСТАНА, 10 тамыз – Sputnik. Премьер-министр Әлихан Смайылов Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында "Бұқара-Орал" магистралды газ құбырының жаңа желісін салу барысымен және "Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын" автожолының жағдайымен танысты, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласы мен оған іргелес аумақтар "Бұқара-Орал" және "Жаңажол-Ақтөбе" магистралды газ құбырларының үш желісі арқылы газбен қамтамасыз етіледі.
"Сонымен қатар жыл сайынғы халық санының өсуі, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, тұрғын үйлер мен өнеркәсіп орындарының салынуы газ тұтыну көлемі мен қолданыстағы инфрақұрылымға түсетін жүктемені арттырып отыр", - делінген хабарламада.
Премьер-министр бұл мәселені шешу мақсатында Ақтөбе қаласына "Бұқара-Орал" магистралды газ құбырының жаңа желісінің құрылысы басталғанын атап өтті. Ауқымды жобаның жалпы құны 43,4 млрд теңгені құрайды. Сағатына 526,5 мың текше метр өткізу қабілеті бар 165 шақырым магистралды газ құбыры салынбақ. Нысан 2024 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
"Жаңа газ құбыры Ақтөбе қаласының өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қамтамасыз етуге және 3 трлн теңгеден астам сомаға 17 ірі инвестициялық жобаны іске асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ осындай ірі жобаларды салу кезінде отандық компоненттер мен материалдарды пайдалануды арттыру қажет екенін атап өткім келеді", — деді Смайылов.