АСТАНА, 8 тамыз – Sputnik. Талдықорғанда санитар дәрігерлер жергілікті жағажайдан су сынамасын алып, тері ауруларына шалдығу қаупі туралы қауесетті жоққа шығарды.
Әлеуметтік желіде қала тұрғындары жергілікті су айдындарында шомылғаннан кейін бөртпе, қышу және қызару пайда болғанына шағымданғаны туралы ақпарат тарады.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тараған қауесетке назар аударды. Санитарлық дәрігерлер су сапасына санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг тұрақты түрде жүргізіліп жатқанын айтты.
"Зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін жақын маңдағы Қаратал өзені мен қалалық жағажайдан су сынамалары алынды. Сынамалар микробиологиялық, санитарлық-химиялық, паразитологиялық және вирусологиялық көрсеткіштері бойынша алынды. Зерттеу нәтижелері бойынша судың сапасы гигиеналық нормативтердің талаптарына сай", - деп хабарлады облыстық СЭБД баспасөз қызметі.
Ведомство мамыр айының соңынан шілде айына дейін санитар дәрігерлер су айдындарынан 108 су және 18 топырақ сынамасын алғанын айтты. Азаматтардың немесе демалушылардың денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.