АСТАНА, 8 тамыз – Sputnik. Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаменті халыққа ескерту жасады. Екі күннің ішінде екі бала тереңдігі жарты метрден аспайтын суға батып кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Жазатайым оқиғаның бірі 5 тамыз күні Геологтар саяжайында болған. Ата-анасының қарауынсыз қалған екі жасар бала суару каналына батып кеткен. Каналдың тереңдігі – 50 см, ал ені – 1,5 метр. Баланың мәйітін туысы шығарып алды.
7 тамызда Абай ауданында өтіп бара жатқан адамдар Алматы тасжолы бойындағы қалалық тазарту жүйесінде 2022 жылы туған қыздың мәйітін тапты. Ол белгісіз жағдайда науаға түсіп, суға батып кетті. Тазарту жүйесінің тереңдігі – 40 см, ені – 1 метр. Ол бала да ата-анасының қарауынсыз қалған.
"Тұрақты түрде жүргізіліп жатқан рейдтерге, бұқаралық ақпарат құралдарындағы (теледидар, баспасөз) ескертулерге қарамастан екі жазатайым оқиға тіркелді. Ата-аналар, балаларға абай болыңыздар", - дейді құтқарушылар.
Жыл басынан бері қалада жеке үйлерде орнатылған қаңқалы бассейндерде, суару каналдарында, субұрқақтарда 7 жазатайым оқиға болды. Барлық жағдайда балалар ата-анасының қарауынсыз қалған.